Жеңіс

Бел шешпей өткен балалық

Ұлы Отан соғысы жылдарында майдандағы сарбаздарымыз соңғы демі қалғанша жан аямай күрессе, тылдағы еңбек те толас тауып көрген жоқ. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуына байланысты, олардың орнын елде қалған қариялар, әйелдер мен балалар басты. Осылайша сарбаздарды азық-түлікпен, шикізатпен іс жүзінде әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз еткені белгілі.

Биылғы Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қазір арамызда жүрген, соғыс кезінде тылда бел жазбай еңбек еткен тыл ардагерлерінің де мерекесі екені айқын.

Еңбекке ерте араласты

Тылдағы тірліктің бел ортасында жүргендердің бірі — Сәлима Жолмағанбетова.

1932 жылы Шалқар ауданының қазіргі Жылтыр ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген Сәлима әже еңбекке тым ерте араласты. Шалқар қаласындағы №496 мектепте (қазіргі №40 мектеп) 6 сыныптық білім алған оның балалық шағы сұрапыл соғыс уақытымен тұспа-тұс келіп, анасымен бірігіп майдандағы жауынгерлерге жылы киім-кешек тоқып жіберіп тұрды. Анасының иірген жібінен тоқылған қолғап, шұлық, тағы басқа да майданға қажетті қол бұйымдарын профпункке өткізіп отырды.

«Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін!» деген ұлы ұран осылайша балалардың да өмірлік мақсаттарына айналып, еңбектеріне жігер қосты. Олар соғыс күндерінің  ауыртпалықтарын әлі де еске алып отырады.

Сәлима Жансепқызы 18 жасында тұрмыс құрды. Жолдасы Сұлтанмахмұт Жолмағанбетов әуелгіде Шалқардағы шойын жолда жол реттеуші болып, кейін 1957 жылы «Сарбұлақ» кеңшарына көшіп келіп, ұзақ  жылдар бойы мал шаруашылығымен айналысты. 2003 жылы дүниеден озды.

Бүгінде Сәлима Жолмағанбетова «Алтын алқа» иегері атанған аяулы ана. 10 баласынан тараған немерелері мен шөберелерінің қызығын көріп отырған бақытты әже.

Ұлы Жеңіс бізге балалық шақтың қызықтарын еңбекке айырбастаған осындай балғын сенім иелерінің үмітіне ілесіп келді. Мұны ұмытуға болмайды.

Үлкендермен бірге үлес қосты

1936 жылы Шалқар ауданындағы Байқадам ауылында дүниеге келген Сағынай Иманғалиұлының да балалық шағы сұрапыл соғыс жылдарына тап келіп, 7 сыныптық мектепте білім алды.

Соғыс жылдарында жас болса да, ауыр еңбекті үлкендермен бірге атқарды. Майданда жүрген сарбаздарды азық-түлікпен, керек-жарақпен қамтамасыз ету үшін еңбекке ерте араласты. Сиыр сауды, егін егіп, бидай-тарыны жөнелтуге атсалысты.

Соғыс біткен жылдары да тыл жұмысынан ажыраған жоқ. Шөп шауып, қор жинады. Ресей елінде үш жарым жыл әскери борышын өтеп келгеннен кейін, ауылда қой бағып, мал шаруашылығымен айналысты. 1961 жылы Жұпар әжемізбен отау құрды.

Көпке үлгі болып келе жатқан отбасының шаңырақ көтергендеріне келер жылы 60 жыл толмақ. Олардың отбасында дүниеге келген 13 бала қазір бір-бір үйдің отын түтетіп, ұрпақ жалғастырып жатыр.

Соғыстың қысылтаяң кезеңінде Жеңіске үлес қосқан балауса буынды да ешкім есінен шығармауы тиіс. 

Ернар ЖАҚСЫБАЕВ,

«Ұлы тарих — тағылымды жастар» қоғамдық бірлестігінің басшысы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button